
Теміртау қалалық полиция басқармасына қарасты Ескіқалалық полиция бөліміне қаладағы ветеринарлық мекеменің бірінің 26 жастағы директоры арызбен шағымданды. Жәбірленуші оған белгісіз біреу хабарласып, өзін жануарларға екпе салу бойынша менеджерімін деп хабарласқанын айтқан. Кейін олар арзан бағаға екпе сататынын айтып, 78 мың теңге ақшаны дәрілер алу үшін мобильдік қосымша арқылы телефонға аударуға келіскен. Алайда, жәбірленуші ақшаны аударғанымен қажетті дәрі-дәрмекті алмаған.
Осыған ұқсас жағдайға қаланың 58 жастағы тұрғыны да тап болған. Оғанда белгісіз біреулер телефон шалып, алдауына көндіріп, 73 мың теңгесін алып, жәбрленушімен байланысын үзген. Екі дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасы, киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде осы іске қатысы бар деген күдікпен 30 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды. Белгілі болғандай күдікті алаяқтық әрекетін әлеуметтік желі арқылы жануарларға екпе дәрілерін сатумен айналысамын деп жасаған. Сондай-ақ, тергеу барысында жәбірленушілер жіберілген ақшаны зергерлік бұйымдар сататын дүкендердің есеп –шотына аударған, өйткені күдікті жәбірленушілерді алдау барысында зергерлік дүкен сатушыларымен де хат алмасу жүргізіп отырған. Өйткені ол алаяқтық әрекетін жасыру мақсатында зергерлік дүкендерге жеткізу қызметі маманымын деп өзін таныстырған. Ал, ол дүкендерден алған заттарды Шымкент қаласындағы базарларға апарып сатып отырған. Полиция қызметкерлерімен айғақ заттар тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлерімен оның облыс аумағындағы осыған ұқсас басқада қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.