Балқаш полицейлері заңсыз балық аулаған браконьерді ұстады

Балқаш полицейлері заңсыз балық аулаған браконьерді ұстады

13 қазан күні Балқаш қалалық полиция бөлімі табиғатты қорғау бөлімшесінің қызметкерлері қалалық балық инспекциясы мамандарымен бірлесіп көлде рейдтік іс-шаралар өткізді. Сағат 19.00 шамасында рейд жүргізушілер Тасарал ауылы тұсындағы кәсіптік аумағындағы суда жүрген маторлы қайыққа назар аударды. Кешенді іс-шаралар барысында аталған қайықты басқарған 38 жастағы Сарышаған ауылының тұрғыны ұсталды. Полиция қызметкерлерімен қайықтан жаңа ауланған 17 келі көксерке, 10 келі торта және 8,5 келі табан балығы, сондай-ақ 100 метр ау тәркіленді. Жануарлар әлеміне келтірілген шығын 314 мың теңгені құрады. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 335-бабына (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Тергеу амалдары жүргізілуде.