
Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында патрульдік полиция батальоны қызметкерлері және блогерлермен республикалық маңызы бар тас жолға шығып, рейдтік іс-шаралар өткізді. Басты мақсат – күн санап өсіп келе жатқан жол-көлік оқиғаларының алдын алу. “Қабылданып жатқан шараларға қарамастан қазіргі уақытта жол-көлік оқиғаларының тіркелуі, сонымен қатар оқиға салдарынан адамдардың қаза болуы мен жарақат алуы азаймай отыр. Жыл басынан бастап облыс аумағында 232 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 103 адам қаза тапса, 266 адам әртүрлі жарақат алды”, – деді Құрманғали Ысмағұлов. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі, яғни 99 факті жаяу жүргіншілерді қағып кету болса, 73-і көліктердің соқтығысы, ал 51 факті көлік басқаруына ие бола алмай аударылу болып отыр. Жол-көлік оқиғаларының болуының басты себептерінің бірі: жылдамдықты шектен тыс асыру (90 ЖКО), жаяу жүргіншілер өткелінен өту ережелерін бұзу (74), сондай-ақ жолдың қарсы бағытына шығу (19). Қарағанды облыстық Полиция департаменті көлік жүргізушілерден жылдамдықты шектен тыс асырмай, жол жүру ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.