
21-ші шілдеде Қарағанды қаласының ПБ Октябрь полиция бөліміне 34 жастағы қала тұрғыны жүгінді. Белгілі болғандай, ол кешкілік кафеге барған. Бір сәтте ол далаға шығып кеткенде, ұялы телефонын бірнеше минутқа қараусыз қалдырған. Біреу соны пайдаланып, 100 мың теңге тұратын ұялы телефонды қолды қылған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 57 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол кінәсін толық мойындады. Ұялы телефон алынып, жәбірленушіге қайтарылды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодекстің 188 бабы «Ұрлық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Сол күні басқа көңіл көтеретін орында Қарағанды қаласының ПБ Жаңа-Майқұдық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері ұялы телефонды ұрлады деген күдікпен 47 жастағы әйелді ұстады. Ол әйел 13-ші шілде күні кафелердің бірінде үстелдің үстінде қараусыз қалған біреудің сөмкесін байқаған. Сөмкені ақтарып, ішінен ұялы телефонды алып кеткен. 24 жастағы жәбірленуші шығын сомасын 62 мың теңгеге бағалады. Аталған факті бойынша полицияда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодекстің 188 бабы «Ұрлық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті кінәсін толық мойындады. Тергеу жүргізілуде.