
25 ақпанда Қарағанды облысы Приозерск қаласының полиция бөліміне 63 жастағы қала тұрғыны арызданған. Жәбірленуші әйел белгісіз біреу оның 5 миллион 510 мың теңге ақшасын ұрлап кеткенін айтқан.
Анықталғандай, белгісіз біреу құралдарды сатамыз деген желеумен пәтерге кіріп, үй иесінің назарын басқа жаққа аударып, жәшіктегі жинақ ақшаны ұрлап кеткен. Аталған факті бойынша полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша қылмыстық іс қозғады. Полицейлер күдіктінің Приозерск қаласынан қашып кеткен 46 жастағы Ресей Федерациясының азаматы екенін анықтады
4 наурызда Алматыда криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының барысында ұрыны ұстады. Күдікті қылмысын мойындады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.