
19 ақпанда Қарағанды облысының жол полициясы басқармасының жол-патрульдік полициясы батальонының жасағы Қарағанды-Алматы тас жолында қызмет етті. Сағат 23.00 шамасында полицейлер Қарағанды қаласының 26 жастағы тұрғыны басқарған көлікті тоқтатты. Аталған көлікті тексеру барысында полицейлер үш қапшықта ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік затын тауып, тәркіледі. Сараптама нәтижесінде бұл есірткі заттары – жалпы салмағы 83 келі болатын кептірілген марихуана және жалпы салмағы 4 келі 850 грамм гашиш екені анықталды. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.