
4 ақпан күні Қарағанды облысы Саран қаласының полиция бөліміне 80 жастағы қала тұрғыны жүгінген. Зейнеткер белгісіз біреу оның банк шотындағы барлық жинақ ақшасын – 1 миллион теңгені алып кеткенін айтты. Оқиғадан бірнеше күн бұрын зейнеткерге бір әйел келіп, өзін еріктімін деп таныстырған. Зейнеткер «еріктінің» көмегімен банктегі шотын қайта тіркеген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жедел-іздестіру тобының қызметкерлері күдікті – 41 жастағы әйелді анықтап, ұстады. Күдікті қылмысын мойындады. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.