ЖАІШ "Құқықтық тәртіп"

ЖАІШ "Құқықтық тәртіп"

Қазіргі уақытта қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және жолын кесу мақсатында ағымдағы жылғы 16 қаңтардан бастап ерекше өкімге дейін Қарағанды облысының аумағында «Құқықтық тәртіп» Республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы (бұдан әрі – ЖАІШ) өткізілуде. Осы ЖАІШ шеңберінде атыс қаруын заңсыз айналымнан алып қоюға, ұрланған және жоғалған қаруды іздеуге, тұрғылықты жері бойынша азаматтық қару иелерін және азаматтық және қызметтік қару айналымы саласында жұмыс істейтін заңды тұлғаларды, олардың оны сақтау және қаруды басып алуға және құқыққа қарсы мақсаттарда пайдалануға ықпал ететін жағдайларды жою жөніндегі заңнаманың белгіленген талаптарын сақтауы тұрғысынан тексеруге бағытталған іс-шаралар жүргізіледі. Ағымдағы жылдың 6 ақпанындағы жағдай бойынша ЖАІШ нәтижесінде заңсыз айналымнан 25 атыс қаруы алынды, оның ішінде: ойық ұңғылы - 4 бірлік, тегіс ұңғылы - 18 бірлік, травматикалық - 2 бірлік және электрлі - 1 бірлік. Мысалы, Қарағанды қаласының екі тұрғынынан 1921 жылғы үлгідегі «WALTHER» жүйесінің тапаншасы және 1895 жылғы үлгідегі «Наган» жүйесінің револьвері алынды, бұл облыс тұрғындарында тіркелмеген атыс қаруының бар екендігін көрсетеді. Қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық (ҚР ҚК 287-бабы - 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру) және әкімшілік (ҚР ӘҚБтК 482-бабы - 25 АЕК айыппұл) жауапкершілік көзделгеніне назар аударамыз. Осыған байланысты, Қарағанды облысының Полиция департаменті облыстың барлық азаматтарын, тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына заңсыз сақталған қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсыруға шақырады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адам, егер оның іс-әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтан босатылатынын түсіндіреміз.