Теміртауда өзгенің пәтерін иемденіп алған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

Теміртауда өзгенің пәтерін иемденіп алған азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

4 ақпан күні Теміртау қалалық Полиция басқармасына қарасты Ескіқалалық полиция бөліміне 73 жастағы азаматша арызбен шағымданды. Жәбірленуші қала тұрғыны, ағасы қайтыс болғаннан кейін оның пәтеріне ие болып қалған. Қаңтар айында туысынан қалған пәтерді тексеріп кетуге келген зейнеткер ол үйге кіре алмаған. Сөйтсе, белгісіз біреу қайтыс болған азамат маған бұрын қарыз болғандықтан осы пәтерді берді деп, үйдің есігін ауыстырып, пәтерді иемденіп алған. Полиция қызметкерлерімен арызды тексеру барысында пәтерге иелік ету құжаттары, сондай-ақ қайтыс болған азамат пәтерді туысқанына жазып кеткенін анықтады. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы қылмыстық кодекстің 389 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.