
14 қаңтар күні Қарағанды қалалық Полицияф басқармасына қарасты Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақта жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. Аталған іс-шараны өткізу барысында полиция қызметкерлері түн жарымында көше бойында келе жатқан 47 жастағы азаматтың басқаруындағы автокөлікті тоқтатты. Көлік иесінің құжаттарын тексеру барысында ол өзін ерсі ұстап, полиция қызметкерлерінің назарын өзіне аудартқан. Жүргізушіні медициналық тексерістен өткізу барысында оның ішімдік ішкені белгілі болды. Сонымен қатар, оның былтырғы жылдың наурыз айында көлікті мас күйінде жүргізгені үшін соттың шешімімен 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды. Сол күні Теміртау қалалық Полиция басқармасына қарасты патрульдік полиция батальонының нарядымен 37 жастағы көлік жүргізуші ұсталды. Бұрын бұл азаматтың сот шешімімен 3 жылға көлік жүргізу құқықығынан айырылғаны белгілі болды. Алайда, осыған қарамастан азамат тағыда көлікке мас күйінде отырған. Екі факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 346 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.