
13 ақпанда, елді мекендердің бірінің аймағында жүргізілген рейдтік іс-шара барысында, Қарағанды облысы Ұлытау ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері дала жолымен келе жатқан жол талғамайтын үш көлікке назар аударды. Олардың екеуі - Chevrolet Niva, ал біреуі - Mitsubishi Pajero. Шалғайдағы мұндай «керуен» полиция қызметкерлеріне күдік тудырып, олар бұл көліктерді ұстады.Тексеріс барысында көліктерден 29 мен 48 жас аралығындағы он бір ер адам анықталып, олардың барлығы Түркістан облысының тұрғындары болып шықты. Көліктерді тексеру кезінде тәртіп сақшылары он бес қоян өлексесін, төрт аңшылық мылтықты, патрондарды, екі рация, екі қоян терісін тапты. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 337 бабы «Заңсыз аң аулау» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.