
Қарағандылық есірткі таратушы қылмыс үстінде қолға түсті
Қарағанды қаласында Қарағанды облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде есірткі заттарын заңсыз таратты деген күдікпен ауылдық елді мекеннің 19 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдіктіні ұстау жедел ақпарат негізінде жүзеге асырылды. Жас жігіт есірткі заттарын жасырып жатқан сәтінде қылмыс үстінде қолға түсті. Жеке тінту барысында одан есірткі заты бар екі орама тәркіленді. Тергеу барысында күдіктінің қала аумағының әртүрлі бөліктерінде осындай 18 ораманы жасырғаны анықталды. Ұсталған азаматтың ұялы телефонынан табылған куратормен жазысқан хат-хабарлардағы мәліметтердің көмегімен полиция қызметкерлері жасырылған орындардан тағы 13 ораманы тауып, тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат эфедрон екені белгілі болды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті тергеу іс-шаралары аяқталғанға дейін қамауға алынды.