Қарағандыда жаңа жылдық корпоративтер қарсаңында ойын-сауық орындарындағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды
Қарағанды қаласының Полиция басқармасында ойын-сауық мекемелерінің иелерімен қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ құқықбұзушылықтардың алдын алуға арналған маңызды кездесу өтті. Іс-шараға Қарағанды қаласы әкімдігінің өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері және Қазыбек би мен Ә. Бөкейхан атындағы аудандардың прокуратура өкілдері қатысты. Кездесу барысында жаңа жылдық корпоративтер кезеңінде ойын-сауық орындарында құқықбұзушылықтар қаупі артатыны атап өтіліп, қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелері кеңінен талқыланды. Қарағанды қаласы Полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин өз сөзінде ойын-сауық мекемелері адамдар жаппай жиналатын орындар болғандықтан, ерекше бақылауды қажет ететінін атап өтті. Оның айтуынша, жүргізілген талдау дәл осы орындарда денсаулыққа зиян келтіру, бұзақылық пен ұрлық сияқты қылмыстардың жиі тіркелетінін көрсеткен. Сонымен қатар тыныштықты бұзу, кәмелетке толмағандардың заңсыз болуы, белгіленбеген орындарда темекі шегу және ұсақ бұзақылық сынды әкімшілік құқықбұзушылықтар да өзекті мәселе болып отыр. Жыл басынан бері полицияға ойын-сауық мекемелерінен 1900-ден астам хабарлама түскен. Нәтижесінде 89 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, 136 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқықбұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептерді жою жөнінде тиісті ұсыныстар енгізіліп, оларды орындамаған екі мекеме иесі жауапқа тартылды.
Полиция қызметінің басты басымдығы – құқықбұзушылықтың салдарымен күресу емес, оның алдын алу екені ерекше атап өтілді. Осы орайда қоғамдық тұрақтылықты сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті нығайту басты міндет ретінде айқындалды. Мекеме басшыларына учаскелік полиция инспекторларымен тығыз байланыста болып, кез келген оқиға туралы жедел хабарлау және профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді атсалысу қажеттігі ескертілді. Ойын-сауық орындарындағы қауіпсіздік – құқық қорғау органдары мен бизнес өкілдерінің ортақ жауапкершілігі. Тек бірлескен әрі жүйелі жұмыс қана тұрғындардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз етіп, құқықбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.