Жас сақшылардың жарысы: спорт рухы мен командалық жарасым

Жас сақшылардың жарысы: спорт рухы мен командалық жарасым

Жас сақшылардың жарысы: спорт рухы мен командалық жарасым
«Заң мен тәртіп» идеологемасын жүзеге асыру аясында жас ұрпақты тәрбиелеу, олардың бойында жауапкершілік пен патриоттық сезімді қалыптастыру маңызды басымдықтардың бірі болып табылады. Осы бағытта «Жас сақшы» сыныптарын ашу және оларды қолдау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Тәрбиелік мәні жоғары түрлі спорттық және интеллектуалдық іс-шаралар да дәл осы мақсатқа қызмет етеді. Осы ретте, «Динамо» дене шынықтыру-спорт ұйымының спорт кешенінде «Жас сақшы» сыныптары арасында үстел теннисі, шахмат және ұлттық ойын — «Арқан тартыс» бойынша тартысты жарыстар өтті. Спорттық мерекеге өңірдің жеті мектебінен келген командалар қатысып, өз біліктілігі мен бірлігін паш етті. Шахматтан өткен ой жарысында Қарағанды қаласындағы Б. Момышұлы атындағы мектептің оқушылары шеберлігін танытып, топ жарды. Екінші орынды Теміртау қаласының Б. Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы, үшінші орынды Шахтинск қаласының мектебі иеленді. Үстел теннисінен де тартысты бәсеке өрбіді. Бұл сайыста бірінші орынды Теміртау қаласының Б. Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы, екінші орынды Шахтинск қаласының мектебі, ал үшінші орынды Қарағанды қаласының Б. Момышұлы атындағы мектебі жеңіп алды. Ұлттық рухты айшықтайтын «Арқан тартыс» ойынында Қарағанды қаласындағы Б. Момышұлы атындағы мектеп командасы үздік шығып, жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орынды Теміртау қаласының Б. Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы, үшінші орынды Теміртау қаласының №17 мектебі еншіледі. Жарыстардың жалпы командалық есеп қорытындысында бірінші орын Қарағанды қаласының Б. Момышұлы атындағы мектебіне бұйырды. Екінші орынды Теміртау қаласының Б. Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясы, үшінші орынды Теміртау қаласының №17 мектебі иеленді. Өткен спорттық сайыстар жас сақшылардың бойында ерік-жігерді күшейтіп қана қоймай, оларды достыққа, ұйымшылдыққа, өзара қолдау мен сыйластыққа тәрбиелеуге зор ықпал етті.