Табиғатты қорғау қызметінде: Қарағанды облысында заңсыз балық аулау дерегі анықталды
Қарағанды облысында табиғатты қорғау бағытында өткізіліп жатқан «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер балық ресурстарын қорғау бойынша кешенді рейдтік жұмыстарды күшейтті. Тексерулер Балқаш көлі акваториясында да ұйымдастырылды. 31 қазан күні Қарағанды облысы полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы және Приозерск қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері Балқаш көлінде заңсыз балық аулаған азаматты ұстады. Моторлы қайық иесі балық аулауға қажетті рұқсат құжаттарын ұсына алмаған. Тексеру барысында 28 жастағы жергілікті тұрғынның тыйым салынған ау құралдарын пайдаланып, көксерке мен берш секілді бағалы балық түрлерінен 112 келі көлемінде заңсыз аулағаны анықталды. Табиғатқа келтірілген залал көлемі 578 мың теңгеге бағаланды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Іс-шара басталған сәттен бері Қарағанды облысының полиция қызметкерлері табиғатты қорғау саласының уәкілетті органдарымен бірлесіп, шамамен 300-ге жуық рейдтік іс-шара өткізді. Бұл жұмыстарға облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау аймақтық инспекциясы, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, сондай-ақ «Охотзоопром» РМҚК орталық өңірлік филиалының өкілдері тартылды. Нәтижесінде табиғат пайдалану саласында 154 құқық бұзушылық дерегі тіркелді. Екі ауыр дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, қалғандары бойынша әкімшілік шаралар қолданылуда. Қарағанды облысының полиция департаменті табиғатты қорғау бағытындағы шаралар тұрақты түрде жалғасатынын және браконьерлік әрекеттерге қатысты қатаң шаралар қолданылатынын атап өтеді.