Браконьерлерге тосқауыл: Қарағанды облысында заңсыз киік аулау дерегі анықталды
Қарағанды облысында табиғатты қорғау заңнамасын бұзу фактілерін анықтау және жолын кесуге бағытталған «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Аталған іс-шараның басты мақсаты – жабайы табиғатты қорғау, браконьерлік әрекеттердің алдын алу және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Операция барысында Қарағанды облысы полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері Шахтинск қалалық полиция бөлімінің криминалдық және патрульдік полициясымен бірлесіп рейд жүргізді. Рейд кезінде «Nissan Safari» маркалы автокөлік тоқтатылып, оны 65 жастағы ауыл тұрғыны басқарғаны анықталды.
Көлікті тексеру кезінде төбесінде орналасқан жүк салғыштан екі киікке ұқсас аңның сойылған денесі табылды. Алайда жүргізуші заңды аң аулауға рұқсат беретін құжаттарды ұсына алмады. Бұл дерек бойынша полицейлер тарапынан тексеріс жүргізіліп, қылмыстық іс қозғалды.
Қарағанды облысы ПД табиғатты қорғау полициясы атап өткендей, табиғатты қорғау – әр азаматтың борышы. «Браконьер» жедел іс-шарасы өңірде әлі де жалғасуда. Құқық қорғау органдары тұрғындарды табиғатты қорғау заңнамасын бұзу деректері туралы хабарлап, қоршаған ортаны сақтауға белсенді үлес қосуға шақырады.