
Қарағанды облысында есірткі қылмысына қарсы күрес күшейтілді
«Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып, Қарағанды облысының полициясы өңірде есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бағытында кешенді шараларды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 1 тоннадан астам есірткі заты тәркіленіп, жеті есірткі зертханасы жойылды. — Бүгінде басты қауіп – синтетикалық есірткілер. Дегенмен, полицияның жүйелі әрі нәтижелі жұмыстарының арқасында олардың тәркілену көлемі 590 килограмға дейін артты. Тәркіленген заттардың басым бөлігі — мефедрон мен альфа-PVP секілді синтетикалық есірткілер. Ақшалай баламада заңсыз айналымға түспеген есірткілердің жалпы құны 14 млрд 750 млн теңгені құрайды, — деді Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин. Полицейлердің жедел-іздестіру шаралары барысында есірткі саудасына қатысы бар 45 адам ұсталды, олардың ішінде 32-сі — таратушылар, 13-і — ұйымдастырушылар. Тергеу кезінде өңіраралық байланысы бар ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметі әшкереленіп, олардың 560 млн теңгеден астам заңсыз табысты заңдастырғаны анықталды. Сонымен қатар, облыс аумағында есірткіні жарнамалайтын 7 мыңнан астам граффити жойылып, 3 жарнама таратушы ұсталды. Қарағанды облысының Полиция департаменті алдағы уақытта да есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтіп, синтетикалық заттардың таралу арналарына тосқауыл қою және жастар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыратын болады.