Қарағандыда «Жолдағы қабылдау» акциясы өтті
Қарағанды облысында «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында полиция департаменті «Таир» сауда үйінің фойесінде «Жолда қабылдау» атты кең ауқымды акция өткізді. Шараның мақсаты – тұрғындардың өзекті мәселелерін ашық талқылап, полиция тарапынан нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Акцияға облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Каиров қатысты. Кездесу барысында қала тұрғындары құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікке қатысты сұрақтарын қойып, мәселелерін жеткізді. Соның ішінде жеке сектор тұрғыны базар аумағына қойылған шлагбаумдарға байланысты шағымын білдірді. Ж. Каиров аталған мәселе бойынша тексеру жүргізілетінін және арыз иесіне жазбаша жауап жолданатынын айтты. Тұрғындарға құқықбұзушылықтар бойынша шағымды онлайн тіркеу жолдары көрсетіліп, Kaspi Bank мобильді қосымшасы арқылы полицияға өтініш жолдау мүмкіндіктері түсіндірілді. Сонымен қатар, акция аясында азаматтар интернет-алаяқтықтың алдын алу, көлік салығы, әкімшілік айыппұлдар, сондай-ақ көші-қон қызметі бағытындағы мәселелер бойынша жан-жақты кеңес алды. Мұндай түсіндіру жұмыстары тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, туындаған мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді. Шараға жас жол қозғалысы инспекторлары да белсенді қатысты. Олар бүлдіршіндерге жол жүру ережелеріне байланысты викторина ұйымдастырып, дұрыс жауап берген балаларға естелік сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ, мектеп оқушылары самокатты қауіпсіз пайдалану тақырыбында шағын сахналық көрініс қойды. Өткен акция полиция мен халық арасындағы сенімді нығайтып, қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етті.