Қарағанды облысының полициясы туристерге цифрлық сервистері бар арнайы карталарды ұсынуда
Қарағанды облысында полиция қызметкерлері Қазақстанға келетін шетелдік азаматтар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруда. Осы мақсатта әуежайларда, теміржол вокзалдарында және туристер көп шоғырланатын орындарда арнайы туристік карталар таратыла бастады. Қарағанды облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Арман Уәлиевтің айтуынша, туркартаның басты ерекшелігі – заманауи цифрлық сервистерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін QR-кодтың болуы. Мобильді қосымшада туристер үшін қолжетімді қызметтер: өңірдің инфрақұрылым нысандары көрсетілген интерактивті карта; такси шақыру мүмкіндігі; қонақүйлердің, мейрамханалардың және мәдени орындардың мекенжайлары; қауіпсіз интернет-трафик ұсынатын байланыс операторлары туралы ақпарат (1 гигабайт көлемінде). Жаңа сервис шетел азаматтарына өңірде оңай бағдар алуға, қажетті қызметтерді кедергісіз пайдалануға және Қазақстанда жүргенде өздерін сенімді сезінуге мүмкіндік береді. Шетелдік туристер туркартаның қолайлылығын жоғары бағалап, ақпаратқа «бір ғана басу арқылы» қол жеткізу уақытты үнемдеп, сапарды барынша қауіпсіз әрі жайлы ететінін атап өтуде.