
Теміртау: жалға берілетін электрсамокаттарды реттеу бойынша рейд өткізілді. Теміртау қаласында полиция басқармасының қызметкерлері, қала әкімдігі өкілдері және JET каршеринг компаниясының мамандарының қатысуымен жалға берілетін электрсамокаттарды пайдалану тәртібін реттеу мақсатында рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Рейд барысында тротуарларда, жаяу жүргіншілер жолдарында және автожолдың бойында бейберекет қойылған 78 электрсамокат жиналып, арнайы айып тұрағына қойылды. Сонымен қатар, JET компаниясының басшылығымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, электрсамокаттарды белгіленген тәртіппен орналастырудың маңыздылығы түсіндірілді. Нәтижесінде, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 505-бабының 1-бөлігі («Көріктендіру ережелерін бұзу») бойынша 5 әкімшілік хаттама толтырылды. Теміртау қаласы Полиция басқармасы тұрғындарды электрсамокаттарды бейберекет тастамауға шақырады. Мұндай әрекеттер жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіріп қана қоймай, жол қозғалысы қауіпсіздігіне де елеулі қатер төндіреді.