Қарағандыда экологиялық заңбұзушылықтардың жолы кесілді

Қарағандыда экологиялық заңбұзушылықтардың жолы кесілді

Қарағандыда экологиялық заңбұзушылықтардың жолы кесілді. Қарағанды қаласында полиция қызметкерлері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында экологияны қорғау бағытында жүйелі шаралар қабылдап жатыр. Табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарға қатысты қатаң әкімшілік шаралар қолданылып, жауапкершілікке тартылуда. Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары патрульдеу кезінде құрылыс қалдықтарының – қою бетон ерітіндісінің рұқсатсыз төгілгенін анықтады. Бұл дерек бойынша 26 жастағы бетон араластырғыш жүргізушісі ұсталды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көлік құралы тәркіленіп, арнайы тұраққа қойылды. Сондай-ақ, қаладағы тағы бір ауданда полицейлер құрылыс қалдықтарының заңсыз шығарылу дерегін анықтады. Дронның көмегімен қоқыс төгу сәті тіркеліп, заңсыз қоқыс орнының ұйымдастырылғаны әшкереленді. 33 жастағы жүргізушіге айыппұл салынып, оның көлігі де арнайы тұраққа жеткізілді. Аталған заңбұзушыларға айыппұл салумен қатар, өздерінің әрекеттерінің салдарын жою міндеті жүктелді. Яғни, төгілген бетон ерітіндісі мен құрылыс қалдықтары арнайы полигонға шығарылып, кәдеге жаратылады. Бұл деректер экологиялық нормаларды сақтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетіп отыр. Полиция департаменті қоршаған ортаны қорғау талаптарын қатаң сақтауға шақырады және заңды елемеудің жазасы сөзсіз болатынын ескертеді.