GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

ҚР ІІМ логотипі
Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Департамент туралы
Қызметі
Онлайн қабылдау
Все материалы
21 октября 2026
Атырауда лицензиясыз алкоголь сатқан дәмхана қызметі тоқтатылды
Атырау қаласының Привокзальный-5 шағын ауданында орналасқан дәмханалардың біріне қатысты жергілікті тұрғындар тарапынан қоғамдық тәртіптің бұзылуына байланысты бірнеше рет шағымдар мен шақыртулар түскен.
⚠️ 14 қазан күні аталған тамақтану орнының алдында 1961 ж.т. ер адамның құлап, басынан жарақат алу дерегі тіркелді. Тексеру барысында азаматтың алкогольдік масаң күйде кафеден шығып, тепе-теңдігін жоғалтып, құлағаны анықталды.
👮 Осы оқиғадан кейін полиция қызметкерлері аталған нысанға тексеру жүргізді. Нәтижесінде кафеде алкоголь өнімдерінің тиісті лицензиясыз заңсыз сатылғаны анықталды. Заңсыз айналымдағы алкоголь өнімдері толық тәркіленді.
📄 Сонымен қатар алкоголь өнімдерін сатқан азаматшаның шетел азаматы екені белгілі болды. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша тиісті әкімшілік материалдар рәсімделіп, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды. Дәмхана қызметі тоқтатылды.
📢 Атырау облысы полиция департаменті тұрғындардың тыныштығын бұзуға, қоғамдық тәртіпті сақтамауға және алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға жол берілмейтінін ескертеді.
🔎 Бұл бағыттағы профилактикалық және бақылау жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.
19 октября 2026
Жедел басқару орталығы: Атырауда 30 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді
Бейнебақылау камераларын бақылау, 102 арнасына түскен хабарламаларды қабылдау және полиция жасақтарын оқиға орнына бағыттау. Жедел басқару орталығы қызметкерлерінің жұмысы осындай бірқатар міндеттерден тұрады.
Олардың көмегімен жыл басынан бері Атырау облысында бейнебақылау камералары арқылы 30 510 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Сонымен қатар 102 арнасына 83 286 хабарлама келіп түсті.
Осы бағытта 2023 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Жедел басқару орталығының инспектор-кезекшісі, полиция аға лейтенанты Жадыра Жұмағалиева әр хабарламаның дер кезінде тексеріліп, тиісті қызметтерге жеткізілуі маңызды екенін айтады.
💬 - Біздің қызметте әрбір секунд маңызды. Уақытылы қабылданған шешім оқиғаның нәтижесіне әсер етуі мүмкін, - дейді ол.
19 октября 2026
«Біздің үйде енді 4 полицей»: Атыраулық полицейдің отбасы
Атыраулық полицей Қуаныш Әбдештің бір жасар егіз ұлдары Ернар мен Санжар полиция формасын киіп, сүйкімді кішкентай сақшыларға айналды. Қос бүлдіршіннің бұл бейнесі ата-анасына ерекше қуаныш сыйлайды.
Қуаныш Әбдеш 2020 жылдан бері патрульдік полиция қызметінде еңбек етеді. Ол Халел Досмұхамедов атындағы университетте құқықтану мамандығы бойынша білім алған.
Жұбайы Асылай Қайырбергенова да полиция қызметкері. Ол отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінде қызмет атқарады. Ерлі-зайыптылар бір оқу орнында білім алып, қызмет жолын бірге бастаған. Олар 2024 жылы шаңырақ көтерген.
- Егіздерімізге полиция формасын кигізіп көрген едік, өте сүйкімді болып шықты. Ернар мен Санжар бір жасқа толды. Қазір бар қызығымыз - солардың әрбір қылығы. Жұбайым екеуміз полиция саласында қызмет етеміз. Үйде әзілдеп, «Біздің үйде енді төрт полицей бар» деп қоямыз, - дейді полиция капитаны Қуаныш Әбдеш.
16 октября 2026
Атырауда «Жолда қабылдау» акциясы өтеді
16-17 қазан күндері Атырау облысы Полиция департаментінің ресми парақшасында «Жолда қабылдау» республикалық акциясы тікелей эфирде өтеді.
💬 Тікелей эфир барысында желі қолданушылары қоғамдық және жол қауіпсіздігі, көші-қон заңнамасы бойынша өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерінен жауап ала алады.
🕙 Уақыты: 10:00-12:00
📱 Өтетін орны: Атырау облысы ПД-нің ресми парақшасы
Сұрақтарыңыз болса, тікелей эфирге қосылыңыздар!
15 октября 2026
Атырауда психотроптық зат тұтынған жүргізуші ұсталды
Атырауда жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері рейдтік іс-шаралар өткізуде.
14 қазан күні рейд барысында көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, Daewoo автокөлігін жүргізген азамат және психотроптық заттарды тұтынған күйде BMW көлігін басқарған жүргізуші анықталды.
Сонымен қатар Toyota, Lada және Chevrolet маркалы автокөліктердің жүргізушілері қарсы бағытқа арналған жолаққа шыққан.  5 жүргізушіге қатысты әкімшілік шарасы алынып, мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды. Автокөліктер арнайы тұраққа қойылды.
Полиция ескертеді: жол қозғалысы ережелерін сақтаңыз! Мас күйде немесе көлік басқару құқығынсыз рөлге отыру өзіңізге де, өзгелерге де қауіп төндіреді.
14 октября 2026
Атырауда жол ережесін өрескел бұзған жасөспірім жауапқа тартылды
13 қазан күні полиция қызметкерлері Toyota Camry автокөлігін басқарған 2008 ж.т. жасөспірімді тоқтатты. Тексеру барысында оның көлік құралын басқару құқығынсыз тізгіндеп, жолдың қарсы бағытына шыққаны анықталды.
Аталған дерек бойынша заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралары қолданылып, автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
⚠️ Полиция ескертеді!
Көлік жүргізу құқығынсыз рөлге отыру және қарсы бағыттағы жолаққа шығу жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіреді. Мұндай әрекеттер ауыр жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін.
Ата-аналардан кәмелетке толмаған балалардың көлік құралын басқаруына жол бермеуді сұраймыз. Сондай-ақ көлік иелері автокөлікті оны басқару құқығы жоқ адамдарға бермеуі тиіс.
Жол қозғалысы ережелерін сақтау — әрбір азаматтың қауіпсіздігінің кепілі!
13 октября 2026
“Киберқадағалау”: Атырауда 3000-ға жуық фишингтік сайт бұғатталды
Желіде жалған хабарландырудан бастап, телефон арқылы ақша жымқыруға дейінгі интернет-алаяқтықтың түрлі тәсілдері таралуда. Атырау облысында жыл басынан бері мұндай 484 дерек тіркелді. Оның 126-сы ашылып, 38 адамның аталған қылмыстарға қатысы анықталды.
Киберқылмыспен күрес қылмыстарды ашумен қатар, олардың алдын алуды да қамтиды. Осы мақсатта полиция қызметкерлері тұрғындармен кездесіп, алаяқтықтың кең таралған түрлері мен қорғану жолдарын түсіндіруде. Білім беру ұйымдарында 22 кездесу өткізіліп, 9700 оқушы мен студент қамтылды. Мұнай компанияларының, медициналық ұйымдардың, банктер мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне де түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ал еріктілер мен учаскелік полиция инспекторлары тұрғындарға 25 мыңнан астам ақпараттық брошюра таратты.
Интернеттегі алаяқтыққа қарсы күресте технологиялық шешімдер де қолданылады. «Киберқадағалау» бағдарламасы арқылы 3000-ға жуық фишингтік сайт пен жалған жарнама бұғатталды. Сонымен қатар «Антифрод-орталық» жүйесіне интернет-алаяқтыққа қатысты 748 оқиға енгізіліп, жәбірленушілердің 21,2 миллион теңгеден астам қаражаты бұғатталды.
Телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алу бағытында да жұмыс жүргізілуде. «Anti-fraud Call center» жұмысын бастағалы бері операторлар 58 181 қоңырау қабылдап, оның ішінде 14 140 алаяқтық қоңырауды тоқтатқан. «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлескен жұмыстың нәтижесінде тұрғындардың алаяқтарға ақша аударуына қатысты тағы 116 фактінің алды алынды.
13 октября 2026
Атырауда абаттандыру талаптарын бұзудың 5000-нан астам дерегі анықталды
Атырауда жыл басынан бері «Таза Қазақстан» аясында абаттандыру қағидаларын бұзудың 5 110 дерегі анықталды. Бұдан бөлек, ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 286 дерегі тіркелді.
Анықталған құқық бұзушылықтардың ішінде 94 тұлға бір жыл ішінде осыған ұқсас әрекетті қайталап жасаған. Барлық дерек бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
Мәселен, 11 қазан күні сағат 16:21 шамасында Атырау қаласындағы Азаттық көшесінде 1974 жылы туған ер адам қоқыс қалдықтарын шығарып, абаттандыру қағидаларын бұзған.
Сонымен қатар, 28 қыркүйек күні Құрманғазы ауданының Қыдыр ата көшесіндегі үйлердің артында орналасқан қоқыс контейнерлерінің уақытылы тазаланбағаны анықталды. Аумақты күтіп ұстауға жауапты мекемелердің бірі өз міндеттерін тиісінше орындамағандықтан, контейнерлер шамадан тыс толып, тұрмыстық қалдықтар айналаға шашылған.
Тексеру нәтижесінде аталған мекеменің абаттандыру қағидаларын бұзуды бір жыл ішінде қайталап жасағаны анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция ескертеді!
Қоқыс пен өзге де қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастағаны үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Азаматтарды тазалық талаптарын сақтауға, қоршаған ортаны ластамауға және қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастамауға шақырамыз.
12 октября 2026
Атырауда бір тәулік ішінде 4 жүргізуші мас күйде көлік тізгіндеген
Демалыс күндері патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізуде.
Рейдтік іс-шаралар барысында бір тәулік ішінде мас күйде көлік басқарған 4 жүргізуші анықталды.
Мәселен, 10 қазан күні сағат 02:00-де Берғалиев көшесі бойында Lexus автокөлігі тоқтатылды. Тексеру барысында 1985 жылы туған жүргізушінің масаң күйде көлік басқарғаны анықталды.
Осыған ұқсас жағдай сағат 01:10-де Қ. Ғаббасов көшелерінің қиылысында орын алды. Мұнда 2004 жылы туған жүргізуші Renault Laguna автокөлігін масаң күйде тізгіндеген.
Барлық жүргізуші медициналық куәландырудан өткізіліп, көліктері арнайы тұраққа қойылды. Оларға қатысты заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды.
Полиция мас күйде көлік басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ескертеді.
Қоғамдық тәртіпті сақтайық! Жолда қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстанайық!
12 октября 2026
Департаментте 9 айдағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы шығарылды
Атырау облысы полиция департаментінде 2026 жылдың 9 айындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысына арналған кеңейтілген жедел кеңес өтті. Жиынға департамент басшылығы, аумақтық полиция бөліністерінің басшылары мен олардың орынбасарлары қатысты. Кеңесте өңірдегі криминогендік ахуал, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстардың нәтижелері қаралды.
Жедел кеңеске төрағалық еткен департамент бастығы полиция генерал-майоры Оңал Бекеев Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен профилактикалық жұмысты күшейтуге басымдық берді.
Кеңес қорытындысында зорлық-зомбылықтың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру, вандализм мен түнгі уақытта өткізілетін заңсыз жарыстардың алдын алу, сондай-ақ интернет-алаяқтық пен есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды күшейту бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Социальные сети
Атырау Полиция Департаменті
Атырау Полиция Департаменті
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы