
Жаңа оқу жылының басталуына байланысты сабақтар қашықтан оқыту нысанында жүргізілетіндіктен мектептегі сабақтарға ата-аналарының өтініші негізінде тек бастауыш сынып оқушылары (1-4 сыныптар) ғана қатысатын болады. Коронавирус індеті пандемиясы жағдайында санитариялық-эпидемиологиялық қағидаларды сақтау үшін білім беру ұйымдары қажетті жабдықтармен және зарарсыздандыру құралдар қорымен қамтамасыз етілді.
Елордалық полицейлер ата-аналардан балаларды мектепте оқыту қағидаларына түсіністікпен қарауын сұрап, төмендегілерді:
- ересек отбасы мүшелерінің балаларды мектептің сыртқы есігіне дейін ғана ілесіп алып баруын;
- балаларды ілесіп алып жүру кезінде әлеуметтік арақашықтықты қатаң сақтап, медициналық бетперде киіп жүруді, індеттен қорғану үшін сақтық шараларын сақтауды ұсынады.
Полиция қызметкерлері 5-11 сынып оқушыларымен, сондай-ақ колледж студенттерімен бейнеконференцбайланыс көмегі арқылы онлайн режимде алдын алу жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда.
Қыркүйек айынан бастап елордалық Полиция департаментінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлары тұрғын үйлердің аулаларында кең ауқымды жалпыға міндетті құқықтық оқу ұйымдастырады.
Ағымдағы жылғы 21 тамыз - 10 қыркүйек аралығында елордада балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, балалардың қала көшелері мен жолдарда қауіпсіз жүріп-тұру дағдыларын қалыптастыру, қаңғырып, қараусыз және қадағалаусыз жүрген кәмелетке толмаған балаларды, қолайсыз отбасылардан шыққан, сондай-ақ оқумен қамтылмаған балаларды анықтау мақсатында «Назар аударыңыз – балалар!» жедел-алдын алу іс-шарасы басталғанын ескертеміз.