
Сондай-ақ келушілерге кальян шегуді ұсынатын ойын-сауық мекемелері анықталған.
Ағымдағы жылғы 7 шілдеден бастап Қазақстанда мейрамханаларда, дәмханаларда және басқа да қоғамдық мекемелерде кальян шегуге тыйым салу бойынша әкімшілік кодексе енгізілген өзгерістер күшіне енген. Енді кальянды жеке тәртіпте, яғни өз үйіңде ғана шеге аласын.
Осылайша, «Шишка» лаундж-бары мекемесінің басқарушысы келушілерге кальян ұсынған. Бардың жұмыскері мен келген қонаққа қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-ның 441-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылған. Жалға алушы карантин тәртібін бірнеше рет бұзғаны анықталған.
Осылайша, 13 тамызда «Алматы» ауданының жұмылдыру тобы түнгі уақытта «Пряник» мейрамханасында карантин тәртібін бұзумен қатар кальян шегу фактісін анықтаған. Темекі бұйымдарын, сондай-ақ қыздыратын темекі және кальянға арналған темекі тартып отырған адамдарға қатысты шаралар қабылдамағаны үшін аталған мекеменің иесі 25 АЕК-дан 60 АЕК-ға дейін айыппұл төлеуі мүмкін.
Күн сайын құрамына әкімдіктің, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының және «Алматы» ауданының жергілікті полиция қызметі қызметкерлері енген жұмылдыру тобы кәсіпкерлік объектілер бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Осылайша, 14 тамызда сағат 22:00-ден бастап 01.00-ге дейінгі уақыт аралығында шағын және ірі бизнес объектілерінде карантин шаралары бұзылғанын анықтаған. «Carlife» ТҚКО, «Офицерский» сыраханасы, «Baramysh» көше павильоны, «Хоттабыч» саунасы, «Пряник» мейрамханасы және «Шишка» лаундж-бары карантин тәртібін бұза отырып қызмет көрсеткен.
Барлық жиналған материалдар процестік шешім қабылдау және Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-ның 425-бабына сәйкес жауапкершілікке тарту үшін Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданған.