Елордалық полицейлер жүкті әйелді перзентханаға жеткізуге көмектесті

Елордалық полицейлер жүкті әйелді перзентханаға жеткізуге көмектесті

Елорда тұрғыны "Facebook" әлеуметтік желісіндегі "Астана, хочу похвалить/пожаловаться" тобында Патрульдік полиция полкінің қызметкерлеріне отбасына көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірген.
Ағымдағы жылдың 03 қаңтарында түнгі сағат 02.00 шамасында Патрульдік полиция полкінің инспекторлары Қуаныш Ізбасар мен Исаин Қоғабаев, Достық көшесінде Тұранға қарай патрульдеу кезінде, оларға ер адам жүгіріп келіп, көлікте оның жұбайы толғатып жатқанын хабарлаған. Әйелін уақытында жеткізуге үлгермеймін деп қорыққан ер адам, тәртіп сақшыларынан көлікті перзентханаға дейін сүйемелдеуді өтінген.
"Кез келген кідіріс ана мен болашақ сәбидің денсаулығына қауіп төндіретінін түсініп, біз әйелді қызметтік көліктің артқы орындығына мұқият отырғыздық. Арнайы жарық пен дыбыстық сигналдарды қолдана отырып, жүкті әйелді жақын маңдағы елордалық ауруханаға жеткізіп үлгердік", - дейді полиция қызметкері.
Белгілі болғандай, бұл Қуаныш Ізбасардың жүкті әйелдерді ауруханаға жеткізуге көмектескені бірінші рет емес. Өткен жылдың жазында Айтматов көшесінде патрульдеу кезінде полиция лейтенантына ер адам жүгіріп келіп, оның көлігінде әйелдің толғатып жатқанын айтқан. Полиция қызметкері әйелді перзентханаға аман-есен жеткізіп, оны дәрігерлердің қолына тапсырған.