Елордада жүргізуші куәлігінен айырылған мас жүргізуші ұсталды

Елордада жүргізуші куәлігінен айырылған мас жүргізуші ұсталды

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол жүрісі қағидаларын бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу, көшелер мен қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында полиция қызметкерлері мас күйінде көлік құралдарын басқаратын жүргізушілерді анықтау бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізеді.
Елордада жыл басынан бері 40 мыңға жуық ЖҚЕ бұзушылық анықталды, оның ішінде 430 жүргізуші мас күйінде болған. Коммуналдық тұраққа 1332 автокөлік орналастырылды. Мас күйінде басқару құқығынан айырылған көлік құралын жүргізгені үшін ҚР ҚК 346-бабы бойынша 44 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Ағымдағы жылдың 30 маусым күні сағат 04: 20-да Нұр-Сұлтан қаласы ПД Мамандандырылған патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Қонаев көшесі мен Мәңгілік Ел даңғылының қиылысында 23 жастағы жүргізушінің басқаруымен «Nissan Almera» маркалы автокөлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің иісі шыққан. Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаңдық анықталды. Жүргізуші ағымдағы жылдың мамыр айында автокөлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Тәртіп бұзушыға қатысты ҚР ҚК 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тәртіп бұзушы Нұр-Сұлтан қ.ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті жүргізушілердің заңсыз әрекеттерін, атап айтқанда мас күйінде көлік жүргізгенін көрген азаматтарды полицияға немесе «102» мобильді қосымшасына хабарласуды сұрайды.