
Елордалық полиция қызметкерлері смартфонды ұрлады деп күдік келтірілген 19 жастағы жігітті ұстады. Тергеп-тексеру барысында жас жігіттің жалдамалы коттеджде өткен кешкі отырыста болғаны анықталды. Достарымен бірге демалып, спирттік ішімдік ішіп, гаджет иесінің ұйықтап қалғанын көрген. Бөлмеде бөтен адам болмаған сәтті пайдаланып, күдікті «Айфон7+» смартфонын жымқырған. Ұрланған телефонды ол сатып жіберген. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полицейлер мобильді телефонды Павлодар қаласынан тапқан.
Полицейлер ұстаған күдікті ұрлық жасағанын мойындаған. Заттай дәлелдеме болып табылатын телефон иесіне қайтарылды.
Аталған факті бойынша «ұрлық» бабымен қылмыстық іс қозғалды, оның бұған дейін жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті азаматтарға қырағылық танытып, өз мүліктеріне мұқият болуды ескертеді.