Елордалық полицейлер шам бағанасына барып соғылған ішімдік ішкен жүргізушіні ұстады

Елордалық полицейлер шам бағанасына барып соғылған ішімдік ішкен жүргізушіні ұстады

Жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру және жол-көлік оқиғаларының санын төмендету мақсатында елорда аумағында күн сайын «Ішімдік ішкен жүргізуші - қылмыскер» жедел-алдын ал іс-шарасы өткізілуде. Полиция қызметкерлері демалыс күндері алкогольдік масаң күйде болған 6 жүргізушіні ұстады.
Осылайша, 10 қазан күні кешкі уақытта 35 жастағы «SHACMAN» маркалы автокөлігінің жүргізушісі «Аэропорт» айналма жолымен келе жатып көліктің рөліне ие бола алмай, көшені жарықтандырып тұрған шамның бағанына барып соғылған. Жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды. Әкімшілік соттың шешіміне сәйкес жүргізуші 20 күнге қамау жазасына тартылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Көлік құралын масаң күйде басқарғаны үшін барлық ішімдік ішкен жүргізушілерге қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 608-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, автокөліктері коммуналдық тұраққа қойылды.