
Елордалық полиция қызметкерлері бүгін түнде сағат 00.40-та ауданды қарап тексеру барысында «Алания» дәмханасында карантиндік шараларды бұзу фактісін анықтады. Дәмхана шектеу шараларына қарамастан келушілерді қабылдаған. Ол жерде би алаңында жүрген және үстелде қашықтықты сақтамай отырған 43 клиент анықталды. Астаналықтар сақтану шараларын және айналасындағылардың қауіпсіздігін ұмытып, көңілді отырыс жасаған.
Мекеменің басшылығына әкімшілік хаттама толтырылды. Жиналған материал процессуалдық шешім қабылдау үшін «Алматы» ауданының Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті карантин уақытында қызметіне тыйым салынған көңіл көтеру мекемелеріне барған кезде адамдар өмірлік маңызы бар талаптарды елеместен, өз денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, айналасындағы адамдарға да қауіп тудыратынын ескертеді. Полиция қызметкерлері карантиндік шараларды бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғаны туралы еске салады және санитарлық нормаларды сақтауға шақырады.