
Алматы қаласының әкімшілік полициясында анықталғандай, «Қорғау – Қауіпті жүргізуші» автоматтандырылған жүйесі арқылы өрескел құқық бұзушы анықталды.
«Шаһарда жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін пайдаланатын, көліктерге арнайы белгі беретін құрылғылар орнатқан көлік жүргізушілерін, сондай-ақ көлікті мас күйінде басқарған адамдарды жауапкершілікке тарту бойынша мақсатты жұмыстар жалғасуда. Осындай рейдтер барысында «НЕ» сериясындағы «Е» әрпінің төменгі бөлігін скотчпен жапқан таксопарктердің бірінің жүргізушісі ұсталды. Нәтижесінде серия «HF» сияқты көрінді. Жүргізуші осылайша қаладағы бейнебақылау жүйелеріне түспей, ЖЖЕ жазасыз бұзуға тырысқанын мойындады. Оның көлігі айыппұл тұрағына қойылды. Таксопарк қызметкеріне қатысты әкімшілік шара қолданылды», — деді, Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Аманбек.
Сонымен қатар, бұл күндері қала жолдарында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлері тағылған екі көлік ұсталды. “Тойота Виндом” шын мәнінде Қырғызстан Республикасында тіркелген. Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұл сомасы 456 мың теңгеден асады. Ал “Фольксваген” көлігі қолдан жасау әдісі арқылы жасалған нөмірмен жүрген. Оның жүргізушісі 251 мың 747 теңге көлемінде жол жүру ережесін бұзған.