Алматы облысының әкімшілік орталығында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Малик Отарбаевтың өңірдің құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесуі өтті. Іс-шара Ұлттық құрылтайдың IV отырысының қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
Кездесуге облыстағы барлық құқық қорғау құрылымдарының басшылары мен ведомство қызметкерлері қатысты.
Жиында Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев баяндама жасады. Ол өз сөзінде полиция қызметінің басым бағыттары туралы жан-жақты айтып өтті: есірткі қылмыстарына қарсы профилактикалық жұмыс, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының өткізілуі және күнделікті тәжірибеге «Заң және тәртіп» қағидатын енгізу.
Өңірдің бас полицейі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – бұл тек құқық бұзушылықтың жолын кесу ғана емес, сонымен қатар халықпен белсенді жұмыс істеу, қоғамдағы өзгерістерге жедел үн қату, ашықтық пен алдын алуға бағытталған шаралар екенін атап өтті.
– Бүгінде азаматтарды қорғау ғана емес, жаңа құқықтық сана қалыптастыру да маңызды. Біздің қызметкерлер қоғаммен диалогқа, профилактикаға, алдын алуға бағытталған, – деді М. Әбікеев.
Президент кеңесшісі мұндай кездесулердің институттар арасындағы өзара байланыстарды нығайтуға және жергілікті деңгейде өзара іс-қимылды күшейтуге үлкен үлес қосатынын атап өтті.
– «Заң және тәртіп» – бұл жай ғана ұран емес, сенім мен әділдікке негізделген қуатты мемлекетті қалыптастыру жолы. Бұл қағида әрбір өңірде, әрбір елді мекенде күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Бұл тек қызметтік тәртіп мәселесі ғана емес, ұлттық менталитет пен қоғамдық мәдениет мәселесі. Бұл құндылықтарды кеңінен насихаттап, нақты істер арқылы енгізу қажет. Сіздердің атқарып отырған қызметтеріңіз – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы күнделікті үлестеріңіз, – деп түйіндеді М. Отарбаев.
Президент кеңесшісі өңірдің құқық қорғау органдары қызметкерлеріне атқарған еңбектері үшін алғыс білдіріп, азаматтар мен құқық қорғау жүйесі арасындағы сенімді одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.