БІР ТАЛ КЕССЕҢ, ОН ТАЛ ЕК: ҚОНАЕВТА ПОЛИЦЕЙЛЕР ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ АКЦИЯ ӨТКІЗДІ

БІР ТАЛ КЕССЕҢ, ОН ТАЛ ЕК: ҚОНАЕВТА ПОЛИЦЕЙЛЕР ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ АКЦИЯ ӨТКІЗДІ

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облыстық есірткі қылмысына қарсы күрес департаментінің қызметкерлері құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерімен бірлесіп, ортақ іске өз үлестерін қосты.

Қонаев қаласының Орталық саябағында болашаққа деген қамқорлықтың, таза ниеттің және адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікке ұмтылудың символы ретінде жас туя ағаштары отырғызылды. Дегенмен, бұл акция тек экологиялық мақсатпен шектелмей, маңызды әлеуметтік миссияны да көздеді.

Саябақ аумағында QR-коды бар ақпараттық тақтайша орнатылды. Кодты сканерлегенде, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен алдын алу кеңесі бірігіп әзірлеген арнайы профилактикалық бейнеролик ашылады. Оның мақсаты – жастарға нашақорлықтың салдары туралы ескертіп, саналы түрде өмірді таңдауға көмектесу.

– Заманауи технологияларды пайдалану жастарға маңызды ақпаратты қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл назар аудартуға және есірткі қылмысына қарсы күреске ықпал етеді деп сенеміз, – деді есірткіге қарсы күрес басқармасының өкілдері.

Ұйымдастырушылар ағаш отырғызу – бұл өмірді, денсаулықты және тұрақты дамуды таңдаудың, игі істерге бастау болудың нышаны екенін атап өтті. Бұл – жай ғана көгалдандыру емес, бірлік пен жауапкершіліктің, қауіпсіз болашаққа деген ұмтылыстың символы.