Алматы облысында республикалық кезеңде облыс намысын қорғайтын ең мықты жастар құрамасы анықталды.
Алматы облысында «AMANAT» партиясының бастамасымен және облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «QAISAR» әскери-патриоттық жобасының облыстық финалы аяқталды. Іс-шара «Жастар есірткіге қарсы!» ұранымен өтті.
Жоба 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша басталып, бүгінгі таңда нағыз патриоттарды – батыл, тәртіпті, заңға бағынатын азаматтарды тәрбиелейтін алаңға айналды. Оның басты мақсаты – тек физикалық дайындық емес, сонымен қатар жастардың санасына идеологиялық тұрғыдан тәрбие беріп, есірткі мен қоғамға жат өмір салтына қарсы берік иммунитет қалыптастыру.
Облыстық кезеңді «Жастар Рухы» жастар қанатының өңірлік филиалы ұйымдастырды. Іріктеу кезеңдерінен облыстың түкпір-түкпірінен келген 1935 оқушыдан құралған 387 команда өтті. Финалға 55 ұл мен қыздан құралған 11 үздік команда шықты.
Жарыс қорытындысы бойынша Қонаев қаласының командасы қола жүлдегер атанса, Іле ауданынан келген жастар екінші орынды иеленді. Ал ең мықты деп Кеген ауданының жастары танылды.
– Бүгінгі жастар – елдің ертеңгі тірегі. Біз тәуелді болудың орнына рухтың күшін, көше кезудің орнына спортты, немқұрайдылықтың орнына Отанды таңдағандарға сенім артамыз. «QAISAR» – бұл жай ғана жоба емес. Бұл – есірткіге анық «ЖОҚ» дейтін, Қазақстанды сөзбен емес, іспен қорғайтын болашақ көшбасшылар мектебі, – деді ұйымдастырушылар.
Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталып, барлық қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар берілді. Енді Кеген ауданының командасы Алматы облысының намысын республикалық кезеңде қорғайтын болады.