ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНДЕГІ ЖҰП – ҚАЗБЕК ПЕН НАЗЕРКЕНІҢ МАХАББАТ ХИКАЯСЫ

ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНДЕГІ ЖҰП – ҚАЗБЕК ПЕН НАЗЕРКЕНІҢ МАХАББАТ ХИКАЯСЫ

15 сәуір – Қазақстанда «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні» аталып өтетін Ғашықтар күні. Бұл – адалдық пен кіршіксіз махаббаттың символына айналған ерекше мереке. Осы күні қызметтің қатаң тәртібі мен ауыр күнделікті өмірінің арасынан өз бақытын тапқан жандар туралы айтқымыз келеді. Олар – форманы абыроймен киіп, жүрегімен сүйе білетін жандар.

Қонаев қалалық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Қазбек Қапар мен криминалист Назерке Серікбайдың махаббат хикаясы – қазіргі заманғы романның беттерінен түскендей. Олардың таныстығы 2020 жылдың тамызында, Назерке Жамбыл ауданынан Қонаевқа ауысып келген кезде басталған. Әуелі – әріптес, сосын – сырлас дос, ал 2021 жылдың наурыз айынан бастап – жарасымды жұпқа айналды. Олар сенім мен қолдауға, бір-біріне деген құрметке негізделген қарым-қатынасты біртіндеп қалыптастырды. Сол сенім оты кейін махаббатқа ұласты.

2023 жылдың тамыз айында олар отбасын құрды. Енді тек қызмет жолын ғана емес, ортақ шаңырақты да бірге көтеріп келеді. Бұл шаңырақ – мейірім мен сыйластыққа, бір-біріне деген мақтанышқа толы. Қазбек – учаскелік инспектор, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асатын жан. Ал Назерке – қырағылық пен жан-жақты талдауды талап ететін криминалистика саласының маманы. Екеуі де қызметтің қиындығын жақсы түсінеді, бірақ одан да жақсырақ түсінетіні – жай ғана бірге болып, үнсіз қолдаудың қадірі.

Олардың махаббат хикаясы – нағыз сүйіспеншілік қолдау мен құрмет, ортақ арман мен мақсат бар жерде ғана баянды болатынын дәлелдейді. Кейде жүрекке жететін ең үлкен мойындау – жай ғана жанынан табылып, үнсіз ғана «Мен сенің қасыңдамын» деп тұру.

Ғашықтар күнінде Қазбек пен Назеркенің махаббаты жыл сайын бекемдей түссін деп тілейміз. Отбасыларында әрдайым бейбітшілік, жылылық пен шаттық орнасын!