
Наурызнама онкүндігі аясында Алматы облысының полицейлері кең ауқымды сенбілік ұйымдастырып, қоршаған ортаға деген жанашырлықтарын көрсетіп қана қоймай, туған өлкенің тазалығына үлес қосу арқылы өзгелерге үлгі болуға ұмтылды. Бұл игі іске өңірдің бас полицейі Мейрам Әбікеев те белсене қатысып, бастаманың маңыздылығын атап өтті.
Облыстың барлық аудандарын қамтыған шара тек аумақты ретке келтірумен шектелмей, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруды және әр азаматтың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыруды көздеді.
Полицейлер әкімшілік ғимараттардың айналасын қоқыстан, құрғақ бұтақтар мен жапырақтардан тазартып, ағаштарды ретке келтіріп, жиектастарды ақтап, қылқан жапырақты ағаштардың көшеттерін отырғызды.
– Қоршаған ортаға қамқорлық – бір реттік шара емес, бұл өмір салты. Таза қала – бірлескен еңбектің нәтижесі. Әр адам тазалықты өзінен бастауы керек, – деді М. Әбікеев.
Ішкі істер органдары мұндай шараларды жүйелі түрде өткізіп келеді. Өйткені тазалық пен тәртіпті сақтау – мамандыққа қарамастан, баршаға ортақ міндет.