
Алматы облысының полицейлері облыс орталығында орналасқан қарттар үйінде сенбілік өткізіп, аумақты тазалап қана қоймай, әлеуметтік мекеменің ауласына жас көшеттер отырғызды.
Ізгі шараға облыстық полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев де қатысып, өзінің қолдауын білдірді.
– Халқымыз «Жастарға жол – қарттарға құрмет» деп бекер айтпаған. Қарияларға қамқорлық көрсету – біздің азаматтық, әрі кәсіби борышымыз. Оларға көңіл бөліп, жан жылуын сыйлау – баршамыздың ортақ міндетіміз, – деді М. Әбікеев.
Бүгінде әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 100-ден астам қария тұрады, олардың басым бөлігі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Бұл мекеменің ауласы – олардың серуендеп, таза ауада демалатын жалғыз орны.
– Полицейлердің қарияларға қамқорлық танытып, назар аударғаны жүрегімізге жылу сыйлады. Бұл – жай ғана игі іс емес, шынайы қолдау. Шексіз ризашылығымызды білдіреміз, – деді орталық директоры Ержан Абдразақов.
Отырғызылған жасыл желектің көркейіп, жайқала түсуі үшін тиісті күтім жасалатыны айтылды.
Өңірде мұндай қайырымдылық шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл – әлеуметтік мекемелерге қолдау көрсетіп, полиция мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға, ең бастысы, ерекше қамқорлықты қажет ететін жандарға көңіл бөлуге бағытталған ізгі бастамалардың бірі.