АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ НАУРЫЗ МЕЙРАМЫН АТАП ӨТТІ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ НАУРЫЗ МЕЙРАМЫН АТАП ӨТТІ

Наурыз – бұл жай ғана көктемнің келуі емес, жаңа өмірдің, тазару мен жаңарудың бастауы. Бұл – өткен мен бүгінді жалғап, ұлттың рухани байлығын дәріптейтін мереке.

Бүгін Алматы облысының тәртіп сақшылары Ұлыстың ұлы күнін облыс орталығының тұрғындарымен бірге атап өтті. Орталық алаңда ұлттық нақышта киіз үй тігіліп, мол дастархан жайылды. Қазақтың дәстүрлі тағамдары ұсынылып, ән мен күйден шашу шашылды. Мерекенің айшықты сәттерінің бірі – «Беташар» рәсімі болды. Бұл көне ғұрып – жаңа өмірдің басталуын білдіретін, отбасы құндылықтарын дәріптейтін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің жарқын көрінісі.

– Наурыз – бұл тек табиғаттың емес, жүректердің де жаңаруы, халықтың бірлігі мен берекесінің белгісі. Осындай шаралар арқылы біз халықпен етене жақындасып, полиция қызметінің тек құқықтық тәртіпті сақтау ғана емес, елдің қоғамдық өміріне белсенді атсалысу екенін көрсетеміз. Қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтауда ұлттық құндылықтарымыздың орны ерекше, – деді Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев.

Полиция қызметкерлері барша жұртшылықты әз-Наурызбен құттықтап, әр шаңыраққа ырыс-береке, бейбіт өмір мен молшылық тілейді.