ЕКІ КҮН ІШІНДЕ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 500-ГЕ ЖУЫҚ КӨШІ-ҚОН ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҒЫ АНЫҚТАЛДЫ

ЕКІ КҮН ІШІНДЕ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 500-ГЕ ЖУЫҚ КӨШІ-ҚОН ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҒЫ АНЫҚТАЛДЫ

Алматы облысы аумағында өткізіліп жатқан «Мигрант-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында екі күн ішінде көші-қон заңнамасын бұзудың 476 дерегі анықталды.

Оның ішінде 387 шетелдік азамат республика аумағында болу ережелерін бұзған. Оларға қатысты тиісті шаралар қабылданып, 22 шетелдік азамат елден шығарылды.

– Сонымен қатар, көші-қон талаптарын бұза отырып, шетелдіктерге баспана немесе жұмыс ұсынғаны үшін 78 Қазақстан азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту фактілері де анықталды – осыған байланысты 11 жұмыс беруші жауапқа тартылды. Іс-шара аясында үш қылмыстық іс қозғалды, – деп мәлімдеді көші-қон полициясы.

Тексеру барысында көрші мемлекеттің азаматы шетелдік тіркеуі бар автокөлікпен заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысқан жағдай тіркелді. Заң бұзушы анықталды және заңға сәйкес жауапқа тартылды.

«Мигрант-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтау және жолын кесу, сондай-ақ аймақтағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.