Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз күн сайын күш, батылдық пен мейірімділіктің қатар жүретінін дәлелдейтін әйелдер туралы әңгімелейміз. Солардың бірі – Алматы облысы полиция департаментінің отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің қызметкері Құдайбергенова Лаура Иманғалиевна.
1982 жылдың 27 ақпанында Талдықорған облысы, Бөрлітөбе ауданы, Лепсі ауылында дүниеге келген Лаура Иманғалиевна бала кезінен адамдарға көмектесуді армандады. 2002 жылы Жетісу мемлекеттік университетін аяқтап, 2004 жылдан бастап ішкі істер органында қызмет етіп келеді.
Бүгінде оның жұмысы – тек құқық бұзушылықпен күрес емес, сонымен қатар қоғамдағы ең әлсіз жандарды қорғау. Құдайбергенова Лаура Иманғалиевна күн сайын адам төзгісіз жағдайлармен бетпе-бет келеді. Бұл қызмет төзімділік пен кәсібилікті ғана емес, сондай-ақ адам табиғатын терең түсінуді талап етеді. Оның басты мақсаты – тек кінәлілерді жазалау емес, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың алдын алу, зардап шеккендерге көмек көрсету, оларды қолдау және жаңа өмірге жол ашу.
«Ең қиыны – қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балалардың көз жасын көру. Бірақ ең қымбаты – олардың өз-өзіне деген сенімділігін қайта тауып, жаңа өмір бастаған сәттерін көру», – дейді Лаура Иманғалиевна.
Жұмысынан бөлек, ол кітап оқуды жақсы көреді және жануарларға көмектесумен айналысады. Өйткені шынайы мейірімділіктің шекарасы жоқ. Оның өз ісіне деген адалдығы мен адами қасиеттері оны тек білікті маман ғана емес, әріптестері үшін үлгі етеді.
Осы көктем мерекесінде Құдайбергенова Лаура Иманғалиевнаға және қоғамға қызмет ететін барлық нәзік жандарға зор денсаулық, амандық пен сарқылмас күш-қуат тілейміз. Еңбектеріңіз лайықты бағаланып, жасаған жақсылықтарыңыз еселеніп қайтсын!