
Бүгін Қонаев қаласының облыстық мәдениет үйінде 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл күні өз өмірін полиция қызметіне арнаған, кәсібилігімен, жауапкершілігімен және өз ісіне адалдығымен ерекшеленген әйелдерге құрмет көрсетілді.
Іс-шара аясында марапаттау рәсімі өтті. Қызметінде ерекше көзге түскен полиция қызметкерлері ведомстволық марапаттар мен алғыс хаттарға ие болды. Марапаттар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденовтің және Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеевтің атынан табысталды.
Салтанатты жиында құқық қорғау органдарының басшылары мен ардагерлер кеңесінің өкілдері құттықтау сөз сөйледі. Олар әйел офицерлердің қиын да жауапты еңбегіне, қайсар рухы мен мамандығына адалдығына ризашылық білдіріп, құқық қорғау органдарындағы әйелдердің рөлі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, тәртіп сақшыларының лайықты қыздарын тәрбиелеген ата-аналар да назардан тыс қалмады. Оларға болашақ офицерлерді қолдап, тәрбиелегені үшін алғыс хаттар табысталды.
Мерекелік шараның сәнін концерттік бағдарлама аша түсті. Шығармашылық ұжымдар музыкалық және би нөмірлерін орындап, кешке ерекше жылулық пен қуаныш сыйлады.
Бұл салтанатты іс-шара әйел полицейлерге деген құрмет пен алғыстың көрінісі болды. Ер азаматтармен тең дәрежеде қызмет атқарып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген аруларға арналған бұл мереке олардың қоғамдағы маңызды рөлін тағы бір мәрте айқындады.