АНА, ЖАУЫНГЕР, КӘСІБИ МАМАН: ҚЫМБАТ АХМЕТ СПЕЦНАЗДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ

АНА, ЖАУЫНГЕР, КӘСІБИ МАМАН: ҚЫМБАТ АХМЕТ СПЕЦНАЗДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ТУРАЛЫ

Спецназда төзімділік, күш-қуат және экстремалды жағдайларда жедел әрекет ету қабілеті аса маңызды. Әдетте, бұл қызмет ер адамдарға арналған деп есептеледі. Алайда, Алматы облыстық департаментінің жедел әрекет ету арнайы жасағының инспекторы Қымбат Ахмет бұл стереотипті бұзып, әйел адам нәзік әрі әйелдік болумен қатар, күрделі міндеттерді орындай алатын кәсіби жауынгер екндігін дәлелдеп келеді.

Ол ішкі істер органдарындағы қызметін 2015 жылы бастады, ал төрт жыл бұрын арнайы бөлімшенің қатарына қосылды. Мұнда әлсіздікке орын жоқ – күнделікті жаттығулар, тактикалық оқу-жаттығулар, штурмдық операциялар зор физикалық және моральдық дайындықты талап етеді. Бірақ Қымбат биік талаптарға үйренген – ол қол күресі, самбо және ММА бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

– Спорт менің өмірімнің маңызды бөлігі болды. Ата-анам бала кезімнен белсенді өмір салтын сүюге үйретті, және осы негіз менің тек спорттағы ғана емес, қызметтегі жетістіктеріме де ықпал етті, – дейді Қымбат.

Оның қызметі үлкен қауіптермен байланысты, бірақ ол өз жолынан таймайды, өйткені оның орны – спецназда. Дегенмен, бронежилет пен бетперденің артында тек кәсіби жауынгер ғана емес, сонымен бірге мейірімді ана да бар. Қымбаттың алты жасар ұлы Ерғазы өсіп келеді, оған ол бала кезінен спорт пен тәртіпке деген сүйіспеншілікті дарытуда.

– Иә, спецназдағы қызмет пен аналықты қатар алып жүру оңай емес. Бірақ менің үлгім баламның ерік-жігері мықты, дербес әрі мақсатшыл болып өсуіне көмектеседі деп сенемін. Ең бастысы – балаға мінез беріктігін, құрмет пен жауапкершілікті үйрету, – дейді ол.

Қымбат Ахмет – әйел адам ең қатал мамандықтарда да табысты бола алатынын, сонымен қатар өз әйелдік болмысын сақтай алатынын дәлелдейтін жан. Оның өмір жолы – төзімділіктің, жанкештіліктің және өз ісіне деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.