
Қазіргі заманғы полиция – бұл тек жедел жұмыстар мен тергеулер ғана емес, сонымен қатар қатаң есеп, тәртіп пен жүйелілік. Ақпараттың нақтылығы мен сенімділігіне қызметкерлер жауап береді, олардың еңбегі көбіне көзге көрінбесе де, аса маңызды рөл атқарады. Сол мамандардың бірі – Алматы облысы ПД Штабының есептік-тіркеу тәртібін бақылау тобының инспекторы Анара Оразахунова.
Ол 1994 жылы 4 маусымда Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Жоғары білімін тәмамдаған соң, 2018 жылы ішкі істер органдарына қызметке қабылданды. Бүгінде Анар – заң ғылымдарының магистрі, әрі есептік құжаттармен жұмыс істейтін жауапты маман.
Оның қызметі жоғары зейінділікті, жауапкершілікті және тәртіпті талап етеді, өйткені кішкентай қателік маңызды процестерге әсер етуі мүмкін. Дегенмен, қызметтегі мұқияттылығы мен ұқыптылығының артында белсенді өмір салтын ұстанатын жан жатыр. Анар саяхаттауды жақсы көреді, жаңа, ерекше жерлерді ашуға, әртүрлі халықтардың мәдениеті мен дәстүрлерін зерттеуге қызығады.
Сонымен қатар, ол спортпен айналысады, әсіресе үстел теннисін ойнауды ұнатады. Спорттағы жігері оның әрдайым жинақы, мақсатшыл және кез келген жаңа сынаққа дайын болуына көмектеседі.
Анара Оразахунованың өмір жолы – кәсіби тәртіптілік пен жеке қызығушылықтарды үйлестіре отырып, жан-жақты дамуға болатындығының айқын мысалы. 8 Наурыз қарсаңында оның оқиғасы көпшілікке шабыт сыйлайды, өйткені полициядағы әйел – бұл тек тәртіп пен қатаңдық қана емес, сонымен қатар энергия, қызығушылық және жаңа көкжиектерге ұмтылыс.