СӨЗДІҢ КҮШІ – ІС ӘРЕКЕТТІҢ ДӘЛЕЛІ

СӨЗДІҢ КҮШІ – ІС ӘРЕКЕТТІҢ ДӘЛЕЛІ

Полицияда тек күш пен батылдық қана емес, сонымен қатар сауатты коммуникация да маңызды. Бұл туралы облыстық департаменттің ақпараттық саясат бөліміне қарасты арнайы тапсырмалар жөніндегі аға инспектор Назым Бекбатырова жақсы біледі. Ол тіл саясатын дамыту, мемлекеттік тілді насихаттау іс-шараларын ұйымдастыру және заң тілін азаматтарға түсінікті әрі қолжетімді ету бағытында еңбек етеді.

2017 жылдан бері Назым кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспектордан бастап, бүгінде полицияның ақпараттық саясатын қалыптастыратын маманға дейін өсті. Қызмет барысында тергеуші және кадр бөлімінде жұмыс істеп, жүйенің ішкі құрылымын терең түсінуге мүмкіндік алды. Ендігі оның басты мақсаты – ақпарат таратып қана қоймай, құқық қорғау органдарында мемлекеттік тілдің рөлін нығайту.

Алайда оның өмірі тек қызметпен шектелмейді. Назым – аяулы қыз, адал жар. Оның көптеген қызығушылықтары бар, бірақ жанына ең жақыны – атпен серуендеу. Ат үстінде ол еркіндік, сенімділік пен үйлесімділікті сезінеді.

– Ат – бұл күш пен алға ұмтылыстың символы. Қызметте де, шабандоздықта да ең бастысы – сенім мен әрекеттердің нақтылығы, – дейді ол.

Полиция қатарындағы әйелдер күн сайын өздерінің жан-жақтылығын дәлелдеп, қызметті отбасы құндылықтарымен және сүйікті ісімен ұштастыра біледі. 8 Наурыз қарсаңында, Назым Бекбатырова секілді жауапкершіліктен қорықпай, жаңа жол ашып, әлемді жақсартуға үлес қосып жүрген барлық әйелдерді құттықтаймыз!