ӘЙЕЛ КҮШІ – ҮЙЛЕСІМДЕ: ЭЛЬМИРА ЕСЕНБАЕВА ҚЫЗМЕТ ПЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚТЫ ҚАЛАЙ ҰШТАСТЫРАДЫ

ӘЙЕЛ КҮШІ – ҮЙЛЕСІМДЕ: ЭЛЬМИРА ЕСЕНБАЕВА ҚЫЗМЕТ ПЕН ШЫҒАРМАШЫЛЫҚТЫ ҚАЛАЙ ҰШТАСТЫРАДЫ

Ішкі істер органдарында тек қана қатаң әрі принципшіл қызметкерлер ғана емес, сонымен қатар кәсібилік пен шығармашылықты ұштастыра білетін дарынды, жарқын жандар да қызмет етеді. Солардың бірі – Қарасай аудандық полиция басқармасының тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің бастығы Эльмира Есенбаева.

15 жылдық қызметінде ол жүздеген әйелдер мен балаларға қиын жағдайдан шығуға көмектесті. Бірақ сонымен қатар, ол мейірімділігін, өмірге деген сүйіспеншілігін және оптимизмін жоғалтқан емес. Әріптестері үшін ол – кез келген шараның жүргізушісі, керемет әнші әрі гитарашы, сондай-ақ, қызметте сыйлы маман. Одан бөлек, Эльмира – ардақты ана және бақытты әже.

Полициядағы қызмет – Эльмира Есенбаева үшін жай ғана жұмыс емес, бұл оның миссиясы. 2009 жылдан бастап ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске өзін арнап, қиын өмірлік жағдайға тап болған жандарға көмек көрсетіп келеді.

– Біздің жұмысымыз тек құқықтық білімді ғана емес, сонымен қатар адамның психологиясын түсінуді, тыңдай білуді, қолдау көрсетуді және ең күрделі жағдайлардан шығудың жолын табуды талап етеді. Бізге тек құқықбұзушыны жазалау емес, жалпы жағдайды өзгерту маңызды – адамдардың санасына құрметті сіңіру, құқықтарын түсіндіру, жәбірленушілерге жаңа өмір бастауға мүмкіндік беру керек, – дейді Эльмира.

Алайда полиция формасы мен погон – оның болмысының бір ғана қыры. Оның екінші қыры – шығармашылық, шабыттандыру, айналасындағы адамдардың жүрегіне шуақ шашу. Әріптестері оның қатысуынсыз ешқандай іс-шара өтпейтінін айтады.

– Музыка әрдайым менің өмірімнің бір бөлігі болды. Гитара, ән, сахна – бұл менің өзім болып қалуыма, өмірге қуанышпен қарауыма көмектесетін дүниелер, – дейді ол.

Қызметтен тыс уақытта Эльмира – мейірімді ана және сүйікті әже. Оның ұлы – актер әрі радио дикторы, келіні – кәсіби аудармашы. Сонымен бірге, немересіне ерекше көңіл бөліп, онымен әр сәтті бағалай біледі.

– Немереңді қолыңа алған сәтте өмірдің қандай баға жетпес сый екенін түсінесің. Отбасы – бақыттың, күш пен шабыттың қайнар көзі, – дейді ол.