АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА СУ ТАСҚЫНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА СУ ТАСҚЫНЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Алматы облысы полиция департаменті Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, су тасқыны жағдайының күрделенуіне дайындық бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Көктемгі су тасқынының салдарын жедел жою үшін арнайы күштер мен құралдар топтастырылды.

«Көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларға ден қою жоспары» әзірленді. Оған облыстың су тасқыны қаупі жоғары аймақтары мен жұмылдырылатын күштер мен техниканың тізімі енгізілді.

– Дайындық аясында су тасқынының салдарын жоюға арналған қызметтік автокөліктер мен арнайы техниканың саптық қарауы өткізілді. Іс-шараға жол талғамайтын көліктер, автобустар, қайықтар, құтқару жиынтықтары және апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізуге қажетті басқа да құрал-жабдықтар тартылды, – деп хабарлады полиция қызметкерлері.

Сонымен қатар, ТЖД-мен бірлесіп, халықты эвакуациялау, азаматтарды хабардар ету және су тасқыны қаупіне ден қою бойынша оқу-жаттығулар ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралардың мақсаты – барлық қызметтердің үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету және төтенше жағдайлар туындаған кезде халыққа уақтылы көмек көрсету.

Полиция мен төтенше жағдайлар қызметі су тасқыны жағдайын бақылауды жалғастырып, ауа райының кез келген өзгерісіне жедел әрекет етуге дайын.