
Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Мейрам Әбікеев Жедел қимылдайтын арнайы жасағына барып, қызмет көрсету жағдайымен танысып, бөлімшенің жабдықталуын тексеріп, жеке құраммен өзекті мәселелерді талқылады.
Сапар барысында ПД бастығы бөлімшенің ғимаратын аралап, жауынгерлердің қару-жарағын тексерді және олардың жұмыс барысындағы, соның ішінде әлеуметтік қамтамасыз ету мен кәсіби даярлыққа қатысты мәселелерін тыңдады.
– 2025 жыл «Профилактика жылы» болып жарияланып, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. ЖҚАЖ қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, қауіп-қатерге қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуде және тәртіпті сақтауда басты рөл атқарады. Біз сіздердің жұмыстарыңыздың нәтижесін ғана емес, сондай-ақ қызмет атқару жағдайларыңызды да көргіміз келеді, – деп атап өтті Мейрам Әбікеев.
Заманауи жедел жағдай сарбаздардан үнемі біліктілігін, кәсіби шеберлігін арттыруды талап ететінін баса айтты. ЖҚАЖ жоғары мобильді, тәртіпті және кез келген күрделіліктегі тапсырмаларды орындауға дайын болуы керек.
– Тәртіп, дайындық және жеделдік – арнайы бөлімшенің басты қағидалары. Сіздерден ұйымшылдық, жауапкершілік және қызметтік міндеттеріңізді мінсіз орындау талап етіледі. Алматы облысы Полиция департаменті сіздердің кәсіби даярлықтарыңызға, әлеуметтік мәселелеріңізге және қызмет жағдайларыңызға ерекше көңіл бөледі. Барлық туындаған мәселелер мен ұсыныстар жедел қарастырылады, – деп қосты ПД бастығы.
Мейрам Әбікеев Жедел қимылдайтын арнайы жасақ сарбаздарының жоғары дайындық деңгейі мен тәжірибесі азаматтарды қорғау бойынша қойылған міндеттерді лайықты атқаруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол жеке құрамға зор денсаулық, қызметте табыс және командалық бірлік тіледі.
Мұндай кездесулер басшылық пен жеке құрам арасындағы байланысты нығайтуға, өзекті мәселелерді жедел анықтап, шешуге, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің жауынгерлік рухын көтеруге ықпал етеді.