АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БАРЫМТАШЫЛАР ТОБЫ ҰСТАЛДЫ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БАРЫМТАШЫЛАР ТОБЫ ҰСТАЛДЫ

Алматы облысы криминалдық полициясының қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен мал ұрлығына қатысы бар бір топ адамды ұстады.

Жедел-іздестіру шаралары барысында екі автокөлік тоқтатылып, олардың жүктерге арналған бөлігінен ұрланған 7 мал табылды.

– Оқиға орнында 28 бен 34 жас аралығындағы үш ер адам ұсталды. Олар тергеу жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру барысында күдіктілердің қолынан Жамбыл ауданы Дегерес ауылының тұрғындары зардап шеккені анықталды. Қазіргі уақытта ұрланған мал заңды иелеріне қайтарылды, – деп хабарлады полиция өкілдері.

Сонымен қатар, тергеу барысында ұсталғандардың Жамбыл және көршілес Қарасай аудандарында жасалған 10-нан астам мал ұрлығы фактісіне қатысы бары белгілі болды. Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы бар сыбайластары мен ұрланған малды сатып алушылардың бар-жоқтығын анықтау жұмыстарын жалғастыруда.

Аталған дерек бойынша қылмыстық істер тіркелді, ал күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.