АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ІІМ КУБОГЫ ҮШІН ВОЛЕЙБОЛДАН ІРІКТЕУ МАТЧІ ӨТТІ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ІІМ КУБОГЫ ҮШІН ВОЛЕЙБОЛДАН ІРІКТЕУ МАТЧІ ӨТТІ

2025 жылдың 15 ақпан күні Алматы облысында елеулі спорт оқиғасы орын алды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Кубогы үшін өтетін беделді турнирге дайындық аясында Облыстық полиция департаменті қызметкерлері арасында волейболдан іріктеу сайыс ұйымдастырылды. Тартысты жарыс сондай-ақ «Динамо» спорт қоғамының 100 жылдығына да орай өткізілді.

– Сайыстың көздеген мақсаты – командалық рухты нығайту, полиция қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау және өңір атынан республикалық деңгейде өнер көрсететін мықты спортшыларды анықтау болды – деді Алматы облысының бас полицейі Мейрам Әбікеев.

Жалпы облыс полицейлері ведомства бастығының қолдауымен соңғы жылдары әртүрлі спорт түрлерінен биік нәтижелер көрсетіп келеді. Осы жолы да ұйымдастыру жағы мен қатар қорытынды нәтижелер де ауыз толтырып айтарлықтай. Оны жеңімпаздар тізімінен байқауға болады:

🏆Бас жүлде Алматы облысы полиция департаментінің командасына бұйырды.
🥈ІІ орынды Еңбекшіқазақ ауданының тәртіп сақшылары еншіледі.
🥉 Шалғай орналасқан аудандардың бірі – Ұйғыр ауданы да осал түспеді. Осы аймақтың полицейлері үшінші орынды иеленді.

Демек, шыңдалып, талай шыңдарды бағындырып жүрген тәртіп сақшылары «спорт – полицейдің сенімді серігі екендігін» дәлелдеп берді.

Матчтардың нәтижесі бойынша Алматы облысының құрамасына кіретін ең үздік ойыншылар таңдалды. Олар ІІМ Кубогы үшін өтетін жарыстың финалдық кезеңінде өңір намысын қорғайтын болады.

Ұйымдастырушылар командалардың жоғары деңгейдегі дайындықтарын және құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында спортты дамытудағы осындай турнирлердің маңыздылығын атап өтті.