
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облыстық филиалының қызметкерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қағидаттарын жан-жақты түсіндіру мақсатында облыстық полиция қызметкерлерімен кездесті.
Іс-шараға 70-тен астам полиция қызметкері қатысты. Қор мамандары жеңілдікті санаттары, МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесіне тіркелу ерекшеліктері, халықпен байланыс арналары және пациенттерді қолдау қызметінің жұмысы туралы айтып берді. Әскери қызметшілер, арнайы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің деректерін «арнайы есеп» ақпараттық жүйесіне енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл жүйеде аталған санаттарға автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесі беріледі.
Полицейлер талқылауға белсенді қатысып, поликлиникаларға тіркелу, стоматологиялық көмек алу, портал немесе жолдама күту мерзімі, сондай-ақ диагностикалық зерттеулердің қолжетімділігі туралы сұрақтар қойды.
Қор мамандары барлық сұрақтарға толық жауап беріп, практикалық кеңестер ұсынды. Бұл полиция қызметкерлеріне МӘМС жүйесін жақсырақ түсініп қана қоймай, қолжетімді медициналық қызметтерді тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.