
Алматы облысының табиғатты қорғау полициясы Қапшағай су қоймасының ластану фактісін анықтады. Жағалаудағы демалыс аймағында орналасқан үйлердің бірінің тұрғыны су қоймасына мотор майын төккен.
– Табиғатты қорғау қызметкерлерімен экологиялық құқық бұзушылықты растайтын дәлелдер жиналды. Іс материалдары одан әрі қаралып, тәртіп бұзушыға қатысты шара қолдану үшін Алматы облысы бойынша экология департаментіне жолданды, – деп хабарлады полицияда.
Су ресурстарын ластағаны үшін бұзушыға бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түрінде жаза төніп тұр.
Өңірлік полиция су айдындарын ластаудың қоршаған ортаға үлкен зиян келтіріп, ауыр зардаптарға әкелетінін ескертеді. Тұрғындарды табиғи ресурстарға қамқорлықпен қарауға және кез келген экологиялық құқық бұзушылықтар фактілері туралы хабарлауға шақырамыз.